ئەسلىي قازاقچە تېكستى:
Өмірбаяны
Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Аса көрнекті қазақ ақыны, мемлекет, қоғам қайраткері. Шығармалары дүние жүзінің 40-тан астам тілдеріне аударылған. Әкеден 9 жасында жетім қалған ол 7 сыныпты бітіре салысымен колхозда тракторшы, Шымкент цемент зауытында бетоншы, "Оңтүстік Қазақстан" газетінде корректор, әдеби қызметкер, "Лениншіл жас" газетінің Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша меншікті тілшісі және т.б. қызметтер атқарды. 1993-2003 жылдар аралығында он жыл қатарынан Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2003-2004 жылдарда республикалық "Жалын" журналының Бас редакторы, "XXI ғасыр және Руханият" атты халықаралық элита клубының президенті, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
М.Шаханов 1986 жылы Кеңес Одағындағы тоталитарлық жүйеге ашық қарсы шыққаны үшін түрмеге қамалған, қуғын-сүргін көрген қазақ жастарын ақтап алуда өз басына төнген қауіпке қарамай, ерлікке барабар іс етті. Апат аймағы - Арал теңізі маңындағы адамдарды қорғау туралы әлемдік деңгейде дабыл қақты. Тіліміз бен тарихымыздың және сан салалы мәдениетіміздің көкейтесті мәселелеріне белсене ат салысты. 1988 жылы 62 жылғы үзілістен соң Қазақстанда, күллі Орта Азияда "Наурыз" мерекесінің қайта тойлануына мұрындық болды.
М.Шаханов 1989 жылы КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, 1990 жылы Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш, Тереңөзек аудандары бойынша Қазақ КСР халық депутаты болып сайланды.
Ф.Хитцер "Еуропа үстіндегі найзағай" деп атаған М.Шахановтың "Өркениеттің адасуы" атты романы әлемдік поэзиядағы жаңа құбылыс ретінде бағаланды. 1999 жылы ЮНЕСКО өзінің арнайы шешімімен Париждегі өз штаб-үйінде шығарманың тұсаукесерін өткізіп, оны әлемнің барлық басты тілдеріне аударуға ұсыныс жасады. Ал 2002 жылы ақынның "Жазагер жады космоформуласы" (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты екінші романы бойынша да ЮНЕСКО "Жібек жолындағы ғылым мен руханият" халықаралық конференциясы шеңберінде "Тарихи-адамгершілік жадыны жоғалту қаупі және рухани тазару проблемасы" деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
М.Шахановтың Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған "Құз басындағы аңшының зары" атты эссе кітабы мен "Сократты ескеру түні" атты драмасы да көп тілдерге аударылды. Ақынның "Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" атты драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм түсірді. Сондай-ақ бұл драма бірнеше мемлекеттің сахнасынан орын тепті. М.Шаханов - "Қырғыз Республикасының халық ақыны" (1994), "Қазақстан Республикасының халық жазушысы" (1996), ондаған шет елдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының "Түрік дүниесіне қызметі үшін" халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы халықаралық "Руханият", Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің "Шахрияр", ЮНЕСКО-ның "Боорукер" клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы М.Шахановқа "Жазагер жады космоформуласы" атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында "Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны" атағы берілді. "Нобель" сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен "Нобель" сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде "Нобель" ақпарат орталығы, "Нобель" қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен "Нобельдің Алтын медалімен" марапатталды.
[ بۇ يازما Nazimi تەرىپىدىن 2008-09-09 18:33 دە قايت ]